Алматы облыстық сотында облыс соттарының 2013 жылғы жұмыстары қорытындыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Алматы облыстық сотында облыс судьяларының 2013 жылы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Әділ Жамбасбайұлы Құрықбаев қатысты.

Онда, өткен жылы жүзеге асырылған  сот төрелігінің сапасы және сотқа түскен істерді қарау барысында заңдылықтың сақталуы, сондай-ақ облыс соттарының қызметін әрі қарай жетілдіру мәселелері қаралды.

Отырысты облыстық соттың төрағасы Мейрамбек Таймерденов ашып, Елбасының сот жүйесінің алдына қойған тапсырмалары мен міндеттеріне сәйкес, құқықтық реформаның жалпы мәселелері аясында сот корпусы қызметінің  тиімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу бағытында жүргізілен  қызметтеріне тоқталды.

Төраға сондай-ақ, Мемлекет басшысының судьялардың VI съезінде және 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында сот жүйесінің алдына қойған стратегиялық міндеттерін жеткізді.

Елбасы күні кешегі Жолдауында « Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс», - дегенді тағы қадап айтқан болатын.

Кеңейтілген кеңес барысында 2013 жылдың  қорытындыларын жасаған қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Нұрдилла Сейітов пен азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасының міндетін атқарушы Күлжібек Кәрімнің баяндамалары тыңдалып, сараланды.

Статистикалық мәліметке қарағанда 2013 жылы жергілікті соттарға барлығы 83 491 іс пен арыз түскен,  (2012 жылдың осы кезеңінде 70 650), түскен істердің саны өткен жылмен салыстырғанда  12 841 іске немесе 18,18%-ға артқан.  Оның 3840 қылмыстық істер, 52 686 азаматтық істер 26 965 әкімшілік істер.

Есеп беру кезеңінде барлығы 72 792 іс өндірістен аяқталған (2012 жылы – 55 524) немесе 31,10%.

Жиында сөз кезегін алған Алматы облыстық сотының кеңсе басшысы Олжас Қуатұлы Күреңбеков облыс соттарының қызметін ұйымдастыру, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету және сот қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде баяндады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Әділ Құрықбаев өңір судьяларының жұмысына қанағаттанарлық бағасын беріп, соттарға деген сенімнің деңгейін арттыру және қоғамда сот жүйесіне дұрыс және құрметпен қарауды қалыптастыру қажеттігін және қаралып жатқан істердің барлық санаттары бойынша сот төрелігін жедел және сапалы іске асырудың мүлтіксіз сақталуын одан әрі қамтамасыз етуді тапсырды.

Кеңейтілген кеңесті қорытындылаған облыстық соттың төрағасы Мейрамбек Таймерденов сотқа түскен істерді заң талаптарына сай шешуде судьялардың көтеретін жауапкершілігі жоғары екендігін атап көрсетіп, оларға істерді қарау сапасын көтеру, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, судья әдебі нормаларын сақтау жөнінде жұмысты күшейту міндеттерін қойды.

 

Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі