Ержан Өтембаевқа қатысты сот үкімі шығарылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

3 ақпанда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асқарбек Бейімбетов Сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаевқа қатысты сот үкімін жариялады.

Басты сот талқылау барысында сот Алтынбек Сәрсенбайұлын ұрлауға тапсырыс берген Өтембаев кісі өлтіруге дайындық туралы көрінеу біле тұра, 60 мың доллар сомасындағы ақшалай қаражатты беру арқылы қылмыстың жасалуына ықпал еткендігін анықтады. Бұл ақшаны кісі өлтіруді орындаушы Ибрагимов Сәрсенбаев пен оның көмекшілерін өлтіруді ұйымдастыруға байланысты шығындарға жұмсады.

Одан басқа Өтембаев үш кісі өлтіруді болдырмау үшін қандай да бір белсенді іс-әрекет жасамағаны  анықталды.

Сот Өтембаевтың іс-әрекеттерін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігінің «ж,з» тармақтары бойынша  алдын ала сөз байласу жолымен адамдар тобын жалдау арқылы кісі өлтіруге жәрдемдесу ретінде саралады. Аталған баптар бойынша сотталушы кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге,  13 жыл бас бостандығынан айыруға жазаланды. Жазаны өтеу мерзімі 2006 жылғы 22 ақпаннан бастап есептеледі.

Аталған қылмыстық істі қарау барысында сот А.Сәрсенбайұлын, В.Журавлев пен Б.Байбосынды ұрлап, өлтіруді ұйымдастырған Рахат Әлиев пен Әлнұр Мусаевтың қылмысты жасауға қатыстылығының  мән-жайларын анықтады.

Осыған байланысты сот заңда көзделген шараларды қолдану үшін тиісті прокурордың атына  жеке ұйғарым шығарды.

Үкім бойынша Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына 15 тәулік ішінде шағымдануға және наразылық келтіруге болады.

Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі