жм, 15/09/2023 - 10:24


Алматы облысы Жамбыл аудандық сотымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК-тің) 125-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен көрінеу кәмелетке толмаған адамды ұрлау құқық бұзушылық әрекеттерін жасады деп айыпталған А. қатысты қылмыстық іс қаралды.
Ағымдағы жылдың маусым айының 6-сы күні сағат 06:00 шамасында, А., алкогольдік масаң күйде Қарғалы ауылына қарай көлік тоқтатып тұрған кәмелетке толмаған қыз баланы көріп, алдап сөзге тартып өзімен бірге Ұзынағаш ауылына алып кеткен. Бірнеше қонақ үйге тоқтамақ болған, алайда қонақ үй әкімшілері сотталушының масаң күйде болғанын көріп қабылдаудан бас тартқан. Содан А., қыз баланы өзімен бірге ертіп Қарасай ауданында орналасқан үйдің сыртындағы «Монша» атты жазуды көріп, сол үйде ұйықтап алу мүмкіндігі бар деп ойлап, ауласына алып кірген. Сол уақытта аулаға шыққан үйдің иесін көрген қыз бала А.-ның қолынан сытылып шығып, аталған азаматтың өзін алдап ұрлап кеткені туралы айтқан. Үй иесі бірден ұялы телефонының видеокамерасына түсіре бастаған. Бұл әрекеттерді көрген А., өзінің қылмыстық әрекеттерін аяқтап, оқиға орнынан бой тасалаған.
Прокурор ҚК-тің 125-бабының 2-бөлігі 5-тармағымен А., кінәлі деп тануды және 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуді белгілеуді сұраған.
Сотталушы А., кінәсін мойындап, кәмелетке толмаған А.-ға қатысты теріс ойы болмағанын айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Жәбірленушінің заңды өкілі, анасы сотталушыны кешірмейтінін айтып, қатаң жаза тағайындауды сұраған.
Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, куәгерлермен жәбірленушінің жауаптарымен және басқа объективті дәлелдемелермен дәлелденіп, расталды.
Сотталушыға жаза тағайындау барысында, сот оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларға істеген әрекетіне шын жүректен өкінгендігін, ал қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайларға оның қылмысты алкогольдік мас күйінде жасағанын таныды.
ҚК-тің 125-бабының 2-бөлігі 5-тармағының санкциясында мүлкі тәркіленіп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сотталушы А., аталған бабымен кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуі белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.