Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 29-бабына сәйкес,

1. Аудандық соттың судьясы болып:

      1) отыз жасқа толған;

      2) жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар;

      3) біліктілік емтиханын тапсырған (Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады);

      4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіптік мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған;

      5) негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама қорытындысы бойынша соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған (Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында оқу бiтiрген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы тағылымдамадан өтуден босатылады);

      6) "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларында көзделген талаптар жұмыс істеп жүрген судьялар болып табылатын кандидаттарға қолданылмайды.

      2. Мынадай:

      1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      2) судья лауазымына конкурсқа қатысар алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған адам судья болмайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін қызметтен шығарылған адам судья болып тағайындалмайды;

      3) судья лауазымына конкурсқа қатысар алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

      4) судья лауазымына конкурсқа қатысар алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      5) бұрын сотталған;

      6) қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      7) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған адам судья бола алмайды.

      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе қасақана бұрмалау судья лауазымына тағайындаудан немесе судьяның бос лауазымына орналасуға арналған конкурсқа қатысудан бас тартуға негіз болып табылады.

      4. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар, сондай-ақ тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.

      Жалпы отырыстың қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.

      5. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде он жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, оның ішінде бес жыл облыстық соттағы судьялық жұмыс өтілі бар, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын алған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады.

      Жалпы отырыстың қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.

      Судьялық өтілдің болуы, тағылымдамадан өту, Жоғарғы Соттың жалпы отырысы қорытындысының қажеттігі туралы талаптар Жоғарғы Сот Төрағасының лауазымына кандидатқа, сондай-ақ осы Конституциялық заңның 30-бабы 4-тармағының тоғызыншы бөлігінде көзделген жағдайларда қолданылмайды.

      6. Аудандық сот төрағасы мен судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.

      Облыстық соттың сот алқасы төрағасының және судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және тиісінше Жоғарғы Соттың немесе облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.

      Егер облыстық сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар өздері судья лауазымына үміттеніп отырған сот орналасқан өңірде жұмыс істейтін немесе тұратын болса, облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын қайтадан алу талап етілмейді.

      Жоғарғы Сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің де қорытындысын алуға тиіс.

      Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және жалпы отырыстың қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.

      7. Бос судьялық лауазымға орналасуға арналған конкурсқа:

      1) егер осы Конституциялық заңның 40-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген тәртіптік жаза өзінен алып тасталған күннен бастап бір жылдан аз уақыт өтсе, судьяның;

      2) атқаратын тең дәрежелі лауазымда екі жылдан аз жұмыс істеген судьяның;

      3) Жоғары Сот Кеңесі мүшесінің қатысуына жол берілмейді.

      Атқаратын тең дәрежелі лауазымда екі жылдан аз жұмыс істеген судьяның конкурсқа қатысуына жол бермеу туралы осы тармақтың талабы шалғай жерде орналасқан соттарда басқа кандидаттар болмаған кезде судья лауазымына орналасуға ниет білдірген, сондай-ақ тұрғылықты жерін ауыстыруды талап ететін ауруының бар екендігі туралы медициналық қорытындысы бар судьяларға қолданылмайды.

      Шалғай жерлерде орналасқан соттардың тізбесін Жоғары Сот Кеңесі айқындайды.

      8. Судьялыққа кандидаттар негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, тұрақты негізде сотта ақы төленетін тағылымдамадан өтеді. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.

      9. Судья лауазымынан өкілді органдардағы мемлекеттік лауазымға сайланған не тағайындалған адамдарға тағылымдамадан өтпей, конкурстық негізде судьялық лауазымға орналасу құқығы беріледі.

      10. Судьялық жұмыс өтіліне судьяның осы Конституциялық заңның 56-бабының 6-тармағында көрсетілген лауазымдарда жұмыс істеген уақыты қосылады.

      11. Бос судьялық лауазымдарға кандидаттарды іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі өлшемшарттар жүйесін, оның ішінде соттағы, прокуратура органдарындағы, адвокатурадағы жұмысын ескеретін өлшемшарттарды пайдалана отырып, осы Конституциялық заңда және "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүргізеді.

органах прокуратуры, адвокатуре.