Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді рәсімдеу тәртібі және сотқа жолдау мерзімдерін сақтау

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді рәсімдеу тәртібін және сотқа жолдау мерзімдерін сақтауды талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Алматы облысы полиция департаментінің, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің, сондай-ақ Қарасай және Жамбыл аудандары полиция басқармасының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында сот төрағасы Ш.Қожантаев қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) нормаларын сақтауды және ӘҚБтК-нің 808-бабында белгіленген мерзімдерді сақтай отырып, егер жауаптылық әкiмшiлiк қамаққа алуды, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкімшілік жолмен шығарып жіберуді көздесе (отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер, ұрып-соғу, қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру, көлікті масаң күйінде басқару және т.б.), сотқа қарауға әкімшілік құқық бұзушылық хаттаманы толтырғаннан кейін дереу жiберiлетінін атап өтті.
Қатысушыларға ӘҚБтК-нің 803-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыру, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді рәсімдеу кезінде сот ісін жүргізу тілі атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 738-бабының талаптарын орындау қажеттігі түсіндірілді.
Сондай-ақ сотқа істерді «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі (ӘІБТ) арқылы жолдау қажеттілігі мен электрондық істерді әзірлеу тәртібі туралы мәселе талқыланды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушыларға әкімшілік құқық бұзушылық істерді сапалы рәсімдеу бойынша тапсырмалар берілді.
 

Қайнар: 
Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі