«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Ағымдағы жылдың 21 ақпанында Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында онлайн форматта «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау» атты тақырыпты талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізілді.
 
Аталған іс-шараға Алматы облысының Әділет Департаменті, Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаменті, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Алматы облысы бойынша департаменті, Алматы облысы Қарасай және Жамбыл аудандарының прокуратурасы және сол аудандарының Мемлекеттік кірістер басқармалары сондай-ақ басқа да мемлекеттік мекемелер өкілдерінің қатысуымен өтті.
 
Сот төрағасы Ш. Қожантаев өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдегі кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау мен дамытуға ерекше назар аударатынын, сондай – ақ кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау - бұл құқықтың қол сұғылмауын қамтамасыз етуге бағытталған заңда көзделген шаралар жүйесі екенін атап өтті.
 
Сөз сөйлеу барысында төраға Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес тексеру іс-әрекеттерін жүргізу тәртібін сақтау қажеттігін және оларды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 175-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске салды.
 
Бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексерілетін субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда тексерілетін субъект бақылау және қадағалау органдарының және олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органға не сотқа заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
 
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы ресімдеу кезінде жіберілген қателіктерді талқылады, оларды одан әрі болдырмау бойынша іс-қимылдарды ұсынды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша фактілер мен құжаттармен дәлелдемелерді бекіту қажеттігін атап өтті.
 
Қайнар: 
Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі